Ақтөбе қаласының №4 жалпы білім беретін орта мектебінде “Балам үйде - қылығы түзде...” тақырыбында ата-аналардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол отбасындағы баланың бас ұстазы - ата-ана.«Балапан ұяда нені көрсе , ұшқанда соны іледі» - демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды , болашақ өркениетке қосар үлесі бар. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнамақ. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге оқыған құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты. Орынды тәрбие арқылы адам баласының тағдыры шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді.Тәрбиенің таразы секілді екенін ескерсек, екі басының тең түсуіне көп көңіл бөлген абзал. Тәрбие ісіндегі ең басты жауапкершілік өздерінде екендігін ұмытып, баласының мінез-құлқы үшін қоғамға кінә артатын ата-аналардың кездесіп жататыны өкінішті-ақ.Ойлы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ата-ана, мектеп пен бала ынтымақтастықта отырып, білім ордасындағы тәрбие отбасында жалғасын табатындай етіп ұштастыра білгеніміз жөн. Қазақ зиялыларының бірі М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді.