“Ақтөбе қаласының №4 жалпы білім беретін орта мектебі” КММ
0
Қош келдің, әз - Наурыз

Мектебімізде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай “Қош келдің, әз - Наурыз!” тақырыбында мерекелік іс шара өткізілді. Мерекелік концерттің басында мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, жетістікке жеткен ұстаздарды Алғыс хаттармен марапаттады. Шара барысында жақсы тілектер айтылып, ұлттық ойындарымыз ойналып, ән мен күй шырқалып, мыңбұралған бишілеріміз өз өнерлерін көрсетті. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа - басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады. Наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар Самарқанның көк тасы жібіген күн деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!